«Әлі талай жыр болып жазыларсың....» жас ақындар арнаулары бойынша жыр байқауы
Дата: 22.11.2024 | |
Просмотры: 29 | Печать страницы |

Қазақ әдебиетінің құлагері атанған ақын, қоғам қайраткері І.Жансүгіровтің 130 жыл толуына орай Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасынан бастау алған «Ілияс Жансүгіров және ұлттық рухани құндылықтар» атты кітап фестивалі аясында 2024 жылдың 20 қараша күні қалалық орталық кітапханасында «Әлі талай жыр болып жазыларсың....» тақырыбында жас ақындар арнаулары бойынша жыр байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты ақын шығармаларын оқырман санасына құйып, насихаттау, поэзияны сүюге, оны бағалай білуге үйрету. Аталмыш шара ән шашуымен басталды. Қазақ поэзиясының алыбына арналған іс-шарада С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының директоры Самал Шаяхметова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Келесі сөз кезегін алған қалалық орталық кітапхана директоры Күлпан Сейтжанова Ілияс ақынның бай мұрасын насихаттауды мақсат еткен байқаудың маңыздылығына тоқталды. Байқауға Көксу ауданының құрметті азаматы, жазушы Жұмабала Балақаранова, ақын Азамат Нұрмұхан, ақын, Егемен Қазақстан газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбек, С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының директоры Самал Шаяхметова қазылық етті. Сонымен қатар С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының бөлім меңгерушісі Маржан Байғалиева, кітапханашылар және «Білім» инновациялық колледжінің студенттері қатысты. Жыр додасында 14 үміткер бақ сынап, ақынға арналған өздерінің арнау өлеңдерін оқыды. Байқау нәтижесінде жүлделі 1 орынды № 25 орта мектептің 11 сынып оқушысы Темеш Жанерке еншілесе, 2 орын №22 мектептің 10 сынып оқушысы Елемесұлы Есбол мен №9 орта мектептің 6 сынып оқушысы Жұман Толғанайға бұйырды, 3 орынды № 21 мектеп кітапханашысы Несипбаева Жанель, №25 мектептің 8 сынып оқушысы Мұратов Нұрбол, Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің І курс студенті Бақытбек Назира иеленіп, дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар берілді. Қатысқан барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Аталмыш додада қатысушылардың жасына шектеу қойылмады. Шара соңында Ілияс Жансүгіровке арналған «Жетісудың жүйрік ақыны» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.