"Кітап жәрмеңкесі"
Дата: 30.09.2024 | |
Просмотры: 41 | Печать страницы |

2024 жылдың 28 қыркүйек күні тарихы терең Талдықорған қаласының 80 жылдығын мерекелеу аясында «Жастар» саябағында «Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-сі кітап жәрмеңкесін ұйымдастырды. Ауқымды шараның мақсаты – оқырман мәдениетін дамытып, тарихи тағылымы мол, асыл мұрамызды сақтау. Жас ұрпаққа кітап оқуды насихаттап, кітап оқу мәдениетін кеңінен қалыптастыру. Талдықорған қаласының «Асыл қазына», «Атамұра», «Онлайн-кітап» кітап дүкендері, «Мазмұндама», «Marfu press» баспа үйлері әдеби, танымдық, ғылыми бағыттағы өз кітаптарын сатылымға шығарып, мерекенің көрігін қыздырды. Аталмыш шараны қалалық орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі А.Баймуханова ашып, жиналған қауымды қала күні мерекесімен құттықтап, адамзат құндылығының бірі де бірегейі кітаптың рухани мән-мағынасына тоқталып, қала халқын кітап оқуға шақырды. Жәрмеңке «Кітапханаға кітап сыйла» акциясымен басталып, Мойнақ ауылдық №6 кітапхананың тұрақты оқырманы Махмет Сауықгүл түрлі жанрдағы кітаптарын сыйға тартты. Шара барысында «І.Жансүгіров - қазақ әдебиетінің классигі» атты уақыт диаграммасы, «Құпия сандық» ойыны, «Сүйікті қалам-Талдықорған» атты сурет салу байқауы ұйымдастырылып, «Жаса, жайна-Талдықорған» поэзия сағатында жас оқырмандар туған қаламыз жайлы ақын толғауларынан шашу шашты. Жәрмеңке нәтижесінде кітапсүйер қауым өздеріне ұнаған 910 дана кітаптарын қолжетімді бағада сатып алды.