«Үздік Кітапхана» номинациясы
Дата: 22.05.2024 | |
Просмотры: 32 | Печать страницы |

1 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы театрда мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін құттықтау мақсатында мерекелік кеш ұйымдастырылды. Жетісу облысының әкімінің орынбасары М.Көлбаев мәдениет және өнер қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, осы жолда аянбай тер төгіп жүрген қызметкерлер мен мәдениет мекемелерінің үздіктерін марапаттады. Бұл мереке туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі, әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн. «Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-сі жылдың «Үздік Кітапхана» номинациясымен марапатталды. Бұл кітапхана басшысы К.Сейтжанова бастаған кітапханашылар үшін үлкен қуаныш болды. Марапат ұжымды жеңіске жетелеп, рух беріп жүрген басшымыздың зор еңбегінің жемісі деп білеміз.Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Осы киелі ордада қызмет атқарып жүрген әріптестерімізге шығармашылық табыстар тілейміз! Марапат құтты болсын! Мерекелік шараны ұйымдастырған Жетісу облысының әкімі мен облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасына алғыс білдіреміз!